Димаш Құдайберген балалар Евроведениесінің алдында Қарақат Башановамен кездесті.
Бұған дейін біз балалар евровидениесі – 2020 байқауында Қазақстанның атынан Қарақат Башанованың қатысатыны туралы жазған болатынбыз. Халықаралық ән сайысы 29 қараша, сенбі күні Варшавада өтеді. Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болады. Ал қатысушылар өз елдерінен нөмірлерді бейне байланыс арқылы ұсынады деп шешілген.
Жауапты сын алдында Қарақат ірі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, тәжірибелі әнші Димаш Құдайбергеновпен кездесті. Жас өнерпазбен әлемге әйгілі әнші 2019 жылдан бері таныс. Ол кезде Димаштың туған қаласы Ақтөбеде Baqytty Bala байқауы өтіп, Қарақат үшінші орын иеленген болатын.
Бүгінгі кездесу Нұр-Сұлтандағы орталық концерт залында болды. Димаш Қарақатқа қолдау білдіріп, әкесіне арналған «Forever» әніне қатысты.
«Сенің бойыңдағы талант мені тебірентті. Ол міндетті түрде басқаларды да таң қалдыратынына сенімдімін», – деп жігерлендіре түсті.
Димаш өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңес берді. Номерді орындауда вокалдан бөлек сахналық шеберлік қажет. «Жеңіске жету үшін жақсы көңіл-күй де маңызды»- деп ақылын айтты.
Қарақат маңызды сын алдында Димаштың өзі дайындыққа келіп, қатысқанына қатты қуанды. Кездесуден шабыт алған өнерпаз сүйікті әншісіне қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, өз Отанының атынан лайықты өнер көрсетуге күш салатынын жеткізді.
Қарақатқа Димаштың қарындасы Раушан да сәттілік тіледі. Жас өнерпазға балалар Евроведениесіне қатысуға Раушан ұсыныс айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Қарақат балалар Евровидениесіне Қазақстан атынан қатысып отырған үшінші өнерпаз. Бұған дейін Junior Eurovision байқауында Данелия Төлешова (2018 ж.) бақ сынап, алтыншы орынға ие болды. Өткен жылы бұл сынның екінші орынын Ержан Максим жеңіп алды.